PDF Қағазға басу Write e-mail

Астана әуежайы – бүгін Еуразия континентіндегі қазіргі уақытқа сай келетін әуежайлардың бірі болып табылады, 1930 жылы Ақмола қаласынан, қазіргі Астанадан 3 км қашықтықта әуежай салынды. Әуежайдың аумағында ұшақтардың ұшуына және қонуына арналған шаршы тәріздес алаңы,  шағын ғана залы, 8 бөлмеден тұратын саманнан жасалған бекеті, екі бөлмелі ұшқыштардың дем алуына арналған үйі, бензин сақтайтын подвалы, сондай-ақ саманнан жасалған май, су жылытатын  шағын үйі болатын.

1931 жылғы 1 желтоқсанда (кәсіпорын құрылған күн) Ақмола-Семей аралығында тұрақты ұшатын әуе қатынасы ашылды. Ауа райы қолайсыз болған күндері әуежай жабылып,  қала мен әуежай телефон арқылы байланысатын.

Алғашқы жылдары әуе қозғалысы тұрақты болған жоқ, кестеде «Ұшақ дүйсенбі күні таңертең ұшады» немесе «сәрсенбі күні күн шығыста ұшады» деп көрсетілетін.

Жолаушыларды, пошта жүктерін тасымалдау қызметі К-4, К-5, ПР-5, П-5,П-2 ұшақтарымен жүзеге асырылды.

1934 жылдан бастап тұрақты ұшатын ұшақтар қызмет көрсете бастады:

1.Алматы-Бертрас-Қарағанды-Ақмола-Атбасар-Қостанай-Свердловск.

2.Қарағанды-Петропавловск-Қорғалжын-Ақмола-Жаңа-Арқа-Пресновка.

1946 жылдың басында Ақмолалық әуежайға тұрақты қызмет көрсету мақсатында ПО-2 ұшақтарының алғашқы тізбегі келе бастады. Бұл ұшақтар Қарағанды авиакәсіпорнына қарады.

Жолаушыларды, поштаны тасымалдайтын Ақмола - Қорғалжын - Жолымбет - Ақсу - Бөгембай - Бестөбе - Астрахан - Балқаш - Благодат (Ақмола облысының елді мекені) арқылы ұшатын жолдар ашылды. 1946  жылы 2 адамнан құрылған тасымалдау қызметі ұйымдастырылды.

Осы жылы санитарлық авиация – халық шаруашылығы да қызмет көрсете бастады.
1947 жылдың соңында – 1948 жылдың басында Ақмола әуежайында ПО-2 ұшағының тұрақты мамандары ретінде 3 адамнан құрылған бөлім ашылды, бұл бөлім Қарағандыда орналасқан авиаотрядтың құрамына кірді.

 

Ақмола әуежайы сол кезге сай келетін құралдармен жабдықталды, құрылысы біршама кеңейтіліп, радиостанцияға арналған фин үйі, саманнан жасалған үш үй және гараж салынды. Қызмет көрсететін штаттың құрамы 40-50 адамға дейін өсті. Әуежай жеңіл ұшақ түрлерінен басқа ЛИ-2 тәріздес ауыр ұшақтар түрлерін де қабылдай бастады.

 

ҰҚЖ кеңейтілгеннен кейін 1951 жылдың мамыр айында  ИЛ-12-ші ұшақ, көп кешікпей ИЛ-14-ші ұшақ алғашқы рет қонды.

 

1954 жылы авиаэскадрилья құрылды. Ақырындап ұшақ паркі ЯК-12, АН-2 әуе кемелерімен толыға түсті. 1956 жылы Ақмола әуежайы тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне көшті.

 

1959 жылғы 9 мамырда Ақмола бірлескен авиаотряды ұйымдастырылды. Осы жылы Ақмола бірлескен авиаотрядына қосымша АН-2-ші ұшақтар қосылды, бұл жергілікті әуе желілерінің көбеюіне әсерін тигізді.

 

1960 жылғы 16 қазанда Ақмола әуежайына үшінші класс атағы берілді.

 

1961 жылы алғашқы ЛИ-2-ші ұшақтар қабылданды, бұл ұшақтар Семей-Қостанай   әуе қатынасы бойынша тұрақты ұша бастады.

1963 жылғы 4 қарашада Целиноград әуежайы, бұрынғы  Ақмола әуежайы қаладан 18 км қашықтықта орналасқан жаңа әуежайда алғашқы ИЛ-18-ші ұшақты қабылдады.

 

1963 жылдың желтоқсан айында ИЛ-18-ші ұшақпен тұрақты рейстер жүзеге асырылды.  Аэробекет кешенінің құрылысы аяқталмағандықтан, қазіргі 2 қабатты медициналық санитарлық бөлім ғимараты аэробекет ретінде пайдаланылды,  бұл ғимаратта Әуе қозғалысын басқару қызметі орналасты.

 

1966 жылғы 28 ақпанда жаңа аэробекет пайдалануға қабылданды, осы жылдың маусым айында біріккен авиаотрядтың барлық қызметтері жаңа әуежайға орналасты. 1930 жылдан бастап қызмет атқарған ескі әуежай 1966 жылы ДОСААФ спорт клубына берілді.

 

1969 жылғы 21 сәуірде Целиноград авиаотрядының ұшақтар паркі алғашқы АН-24 ұшақтарымен толтырылды. АН-24-ші ұшақтар қосылғаннан кейін, жолаушылар, пошта және жүк тасымалының көлемі біршама өсті. Бұрынғы Совет Одағының қалаларына ұшақтар ұша бастады.

 

1975 жылдан бастап біздің ҰҚЖ-ға ТУ-154-ші ұшақ алғашқы рет қонып, осы кезден бастап Алматы-Целиноград-Мәскеу және керісінше бағыттар бойынша ТУ-154 ұшақтың тұрақты рейсі ашылды.

 

Ақмола (Астана) авиаторларының тарихи белесі Алматы астанасын ауыстыру болып табылады.  Әуеайлақты қайта жаңарту құрылысы қысқа мерзім ішінде басталды және аяқталды: ұшу-қону жолағы 3500 м дейін жасанды жабынмен ұзартылып, рулежді жолдар мен перрон кеңейтілді. Жарық жүйесі және радионавигациялық жабдықтар ауыстырылды,  VIP ғимараты салынды, аэробекет кешені қайта жаңартылды.

 

2002 жылдан 2005 жылға дейінгі аралықта әуежайды қайта жаңартудың ірі масштабты халықаралық жобасы жүзеге асырылды. 2005 жылғы 2 ақпанда әуежайдың жаңа жолаушылар терминалы салтанатты түрде ашылды.

Бүгінгі күні Астана халықаралық әуежайы ІІІА – Азаматтық Авиацияның Халықаралық Ассоциациясы санатына ие, сондай-ақ ұшу массасына шектеу қойылмаған әуе кемелерінің барлық түрлеріне - Ил-76, Ан-124, Б747-400F қызмет көрсетеді.